Өскеменде қазақ батыры атындағы көше өзгертілмек - на travel.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на travel.bugin.kz Қаракөз Амантай

Чеховтың елімізге қай еңбегі сіңіп еді?


Бүгін әлеуметтік желіде белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Өскемен қаласында бірқатар көшелердің атауы өзгермек деп ономастика бойынша тұрақты комиссия отырысының протокол көшірмесін жариялады. Аталмыш құжатта Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Булавкина, Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімісі басшысының м.а. Бахытжан Сағымқызы мен қалалық сәулет бөлімінің маманы Андреевалардың есімдері тұр.

Әрине, бір қарағанда Кеңестік дәуірден қалған көше атауларын өзгерту оң жұмыс. Алайда, осы шаруаның қалай болса солай атқарылатыны көңілге мұң ұялатады.


Мәселен, Өскемендегі Киров атындағы көше атауы Антон Чехов көшесі деп аталмақ екен. Орыс революционері Сергей Кировтың Өскеменге қатысы жоқ екені рас, бірақ, Чеховтың да қатысы жоқ қой. Антон Павловичтің Өскеменде қай атасының сүйегі қалып еді?!. Қай еңбегі сіңіп еді Тәуелсіз Қазақстанның дамуына?!. Киров пен Чеховтың орнына осы көшеге есімі берілуге лайық қазақ ақыны, жазушысы, батыры жоқ па Шығыстың?

Сол Өскеменде тұрып, сол елдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан тұлағалар болған. Алаш арысы Райымжан Мәрсековке неге берілмейді бұл көше? Ерекше атап өту керек, Киров көшесі Өскеменнің орталық көшелерінің бірі! Марат Қабанбай, Талаптан Ахметжан, Серік Ғабдуллаұлы, Кеңес Юсупов, Дидахмет Әшімхан секілді ақын-жазушыларымыз бар. Сол елдің азаматтары.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың көше атауларына қатысты айтқан сынын Өскемен әкімдігі естімеген секілді, әлде, Елбасының сөзін елемей ме?!. Астанадағы келелі жиында «Қалаға қатысы жоқ тұлғаларға көше атауын неге бересіңдер?!» деп сын айтқан Мемлекет басшысының ескертпесінен бұл шенеуніктер мақұрым сияқты.

Бізді ерекше ашындырған жайт, қазақтың батыр ұлы Ізғұтты Айтықов атындағы көше атауы «Асар» деп өзгертілмек екен. Бұлар қазақтың көне дәстүрін жаңғыртқысы келді ме, яки, келмеске кеткен «Асар» партиясын жоқтап отыр ма, ол жағын өздерінен басқа ешкім білмейді.

Айтықов деген Ұлы Отан соғысының ардагері, Өскемен іргесіндегі Ұлан ауданына қарасты Ұранхай ауылының тумасы. Бүгінде сол ауыл батырдың есімімен аталады.


Батырдың есімін көше атауынан алып тастауды ұйғарған әкімдіктің шенеуніктеріне бабамыздың өмірбаянынан үзінді келтіріп өткен дұрыс шығар.

Ізғұтты атамыз Сталинград іргесінде шайқасты. Калинин, Курск, Белгород облыстарының жерін азат етуге қатысты. Батыс Двина жағалауына дейін болды. Ер жүрек барлаушы жау тылында бірнеше рет болды. Оның өзі 50 гитлершіні жойып, бөлімге 22 «тіл» әкелді. Командованияның жауынгерлік тапсырмасын үздік орындап шыққаны үшін Қызыл жұлдыз, І, ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен награтталды. 1944 жылы 22-июльде гвардия старшина Ізғұттыға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылы 51-гвардияшы атқыштар дивизиясы неміс фашист әскерлерінің қарсылығын жеңе отырып батысқа ұмтылды. 158 гвардияшы атқыштар полкінің 2-батальоны дұшпанның тіркес жасалған қорғаныс шебін бірінші болып бұзып, кескілескен ұрыстарда Витебск облысы Залужье деревнясын алды.

Взвод Першино деревнясын шабуылмен алып, полктың оң қанатын қорғады. Взвод шегініп бара жатқан жауды өкшелей қуып, 22 июньде Батыс Двина өзеніне жетті де, келген бетте өзеннен өтті. Алғашқы топты Ізғұтты бастады. Плацтарды басып алды. Жаудың 4 пулеметін, 38 солдаты мен офицерін жойды. 2 күннен кейін взвод Полоцкіге кіріп, көше ұрыстарын бастады.

Ақын Алексей Сурков «Совет Одағының Батыры Ізғұтты Айттықовқа» деген өлеңінде:

Су шайған құмдық жағаны,

Айғыздан жатты оқ тесіп.

Айттықов жүзіп барады

Өзенде бейне от кешіп

Ерліктің оты жанады

Мақсаты одан жүз мықты

Ел үшін тыным алар ма

Қазақтың ұлы Ізғұтты!

Ізғұтты Айттықовқа 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді.


Батырға арналып тұрғызылған Полоцк қаласындағы ескерткіш бар. Николаев қаласындағы «Океан» кеме жасау заводы Ізғұттының есімімен аталатын кен тасу теплоходын шығарып, ол Одесса қаласында 1976 жылы қаңтар айында суға түсірілді. Кеме Қара теңіз – Жапония аралығында жүзеді.

Міне, өзге ел бағалаған батырға өз жерінде көше атауы бұйырмағаны қандай аянышты. Осындай ономастикалық комиссиямыз барда біз қалай рухани жаңғырамыз?



                                                                                                                        Дереккөз: qazaquni.kz Азамат Тасқараұлы

                                                                                                                             

 

0 Пікір Кіру