Қоқыс – ақша үндістандықтардың шынайы өмірі - на travel.bugin.kz
Абай Тағыберген - на travel.bugin.kz Абай Тағыберген

Үндістан – қарама-қайшылықтар мекені.

Бұл елде тамыр-таныс салып жұмысқа кіру, қызмет үшін таласу деген мүлдем жоқ. Ата-бабадан қалған ата-кәсіпті бүгінгімен жалғап, мәдениеті мен салт-санасын берік ұстанып отырған жаһандағы ең тығыз орналасқан мемлекеттің бірі – Үндістан. Астанасы – Нью-Дели. Халқы саны бойынша әлемде екінші орынды еншілейтін Үндістанға ат басын бұрған әрбір саяхатшы бұл елдің сырын ішіне бүккен тарихы мен өзгелерге ұқсамайтын ұстанымын бірден байқайды. Тарихы тым әріде жатқан әлемге әйгілі елдің экономикасы қуатты ел деп айта алмайсыз. Халықтың көптігі, жұмыс орындарының жоқтығы қара табанды кедейлердің өмірін көз алдыңызға әкеледі.

Салт-сананы сақтай білетін Үндістанның бүгінгі келбетіне қарап, көз алдыңызға әлі де орта ғасырлық өмір сүру қалпы сақталған деген көзқарас келеді. Бұл елде брахмандар, кшат­риялар, вайшьялар, шудралар сынды құл иеленушіліктің 4 каста түрлері қалыптасқан. Бай мен кедей арасында алшақтық басым. Дені – кедейшілікте күн кешеді. Халықтың 30-40 пайызы тапшылықта өмір сүреді. Сондықтан нәпақа табу үшін үнділіктер түрлі қыз­меттерді кәсіп етеді. Мамандық деп астын сызып айтқанымызбен, Үндіс­тан азаматтары таңның атысы, күннің батысы тер төгіп, аз-маз тиынға күнел­теді. Мұнда біздегідей емес, 12 сағат­тық жұмыс кестесі бойынша жалақы төленеді.

Қоқыс - ақша. Үндістанда қолда­ныс­тан шығып қалған заттарды кәдеге жаратады, қалдықтарды қайта өң­дейді. Әйелдер пластмасса теріп еңбек етсе, ер азаматтар қаңылтыр бөшке­лер­ді түзеп, қайта жаңартады. Кір жуа­тын, киім үтіктейтін, құлақ шұқитын қызмет түрлері бар. Құлақ тазалау процесі – 5 рупий тұрады. 1 рупий – 4,95 тиын. Мұн­дай кәсіппен айналыса­тындар мемлекетке салық төлемейді әрі билік лицензия талап етпейді. Құлақ шұқи­тын құралдарды шеберлер өз қолымен жасап алады. Бір қызығы, жергілікті кә­сіпті меңгергендер меди­цина қызмет­кер­лерінің өзі мұндай қызмет түрін ұсына алмайды деген пікірді алға тар­тады.

Тағы бір мамандық – кір жуушылар. Мұндай қызметтің пайда болғанына 100 жылдан асып барады. Кір жуу атадан-балаға дейін жалғасып кете береді. Тазалануға әкелінген кір киім­дерді тастан-тасқа ұрып, суға салып, өзен жағасында кептіреді. Мұндай қызметті көбіне ер азаматтар атқарады. Дайын болған киімдерді үтіктеу бөлі­міне жөнелтеді. Тапсырыстың көп бө­лі­гі жергілікті тұрғындардан емес, мек­теп, аурухана мен қонақ үйлерден түседі.

Тұрмыстың төмендігінен болар көп­теген аудандарында электр жоқ. Сондықтан тісті емдеу, жұлу жұмыс­тары қолмен атқарыла беріледі. Ауыз шаятын жерлердің жоқтығы, гигиена­лық талаптардың сақталмауына жергі­лікті халықтың еті үйреніп кеткен. Кө­ше­нің қақ ортасында шаш алып, құлақ шұқиды. Бері қарай беттесеңіз, нан та­ғамдарын саудалап тұра береді. Таза­лықтың сақталмауы қалыпты жағдайға айналған. Ең сорақысы, Үндістанда кіші дәретті қайта өңдеп, тазарту про­цес­терін жүргізіп, ауыз су ретінде пай­даланады. Бағасы төмен. Халыққа тиім­ді деп саналады. Алайда мұндай әрекеттер өркениетті қоғамға қайшы келетіні хақ.

Үндістанда туризм жақсы жолға қо­йылған. Бір жылда бұл елге 5 мил­лион­нан астам турист табан тірейді деген деректер бар. Данқты Тәж-Махал, Амрит­сардағы алтын сарайлар мен қа­сиетті мешіт-мұнаралар сырттан келе­тін­дерді өзіне тартады. Мұнан бөлек үн­ділер дәстүрі арқылы қаржы табудың жолын тапқан. Айталық, мә­йітті жер­леу мен оны өртеу рәсіміне арналған орынды туристерге көрсетіп, ақшасын қағып алады. Туристер жиі аяқ басатын Ганг өзені әлемдегі ең лас өзеннің бірі саналады. Санитарлық та­лаптың сақ­тал­мауынан жылына 3,5 мил­лион адам көз жұмады. Қиыр асып келгендерді бірден байқайтын жергі­лікті жұрт бала­ларды ізіне салып, сұрағанын алдыр­та­ды. Себебі жұмыс­сыздық белең алған.

Үндістанда 1 329 356 004 халық тұ­рады. Балалары білім алуға аса асыға қоймайды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, халықтың 25%-ы – сауат­сыз. Әйелдердің – 45%-ы, ерлердің 75%-ы хат тани алады.

Көшелері тар, иық тірескен халық көп. Орталық базар маңында көшені қақ жарып бара жатқан сиырларды кез­дестіресіз. Арба сүйреген, бір бұ­рышта қо­қыс тазалап отырған халықты көру қиын емес. Жан басының жылма-жыл кө­беюінен болар, Үндістанда бала тууға шектеу қойылған. Әр отбасы екі ба­ла иеленуге құқылы, үшінші балаға бір мың доллар көлемінде айыппұл тө­лейді.

Қимыл-қозғалысты реттеу мүмкін емес. Бұл елде автобустардың екі түрі жүреді. Сырты қызыл бояумен боялған автобустар мемлекеттікі, ал сырты көк бояулы автобустар жеке меншікке қарайды. Бірақ бағасы бірдей. Сондай-ақ дәстүрлі таксилері "рикша" немесе "тук-тук" қызмет етеді. Жол ережесі сақ­талмайды. Бағдаршам болғанымен, жүргізушілер мұны елемейді. Деген­мен, жол көлік оқиғалары аз кездеседі. Үндістанға сапары түскен қазақстандық саяхатшы Қайыржан Макин көлік-қоз­ғалысына қатысты мынадай ой кел­тіреді.

– Газбен жүретін болған соң ба, жо­ла­қысы арзан, егер міне қалсаңыз, есеп таблосына қарап төлейсіз. Тротуар көп жерлерде жоқ, сондықтан кей кездерде қоқыс төгілген жерлермен жүруге де тура келеді. Үндістанның заңы бо­йын­ша жол қозғалысы бізге керісінше, кө­ліктер жолдың сол жағымен жүреді. Сон­дықтан көшелерден жаяу өткенде алдымен оң жағыңызға қарап алыңыз, содан кейін солды байқайсыз, – дейді жазбасында.

Үндістан – қарама-қайшылықтар мекені. Бай мен кедейлерге арналған аймақтардың арнайы бөлінуі, ауқатты­лар­дың жергілікті базарға аяқ баспай, бөлек ортада тыныстауы бұл елдің бүгінін бейнелейді. Кедейшілікте күй кешіп, аузы аққа тимесе де, үнді халқы билікті кінәламайды. Өмір сүру фи­ло­софиясы бөлек. Мұнда халыққа билік кө­мек беруі керек деген түсінік жоқ. Себебі олардың ұғымында осы өмі­рінде төмен қызмет көрсетсе, о дүниеде жайлы өмір сүреміз деген қағида бар.

Үндістан халқының 80 пайызы – вегетариан. Өйткені біздегідей ет жей беруге қалта көтермейді. Тіпті саудагер­лер­ге ет тағамдарын сатуға салық салы­на­ды. Еттен жасалған тағам бағасының жоғары болуы да үнділіктерді осындай саясатқа алып келген. Жергілікті жұрт көбіне күріштен жасалған, түрлі дәм­де­уіштер қосылған нан тағамдарын тұтынады.

Үндістанда өркениет жоқ деп айта алмаймыз. Мәселен, Банголор, Мум­бай қалаларында заманауи өмір сүретін халықтар көп. Жұмыс көзі жоқ болса да, үнділіктер Мумбайды болашағы бар қала деп санайды. Дәл осы Мум­бай­да әйгілі Болливуд бар. Жылына мыңға жуық кино-сериалдарды таспа­лай­тын режиссерлердің қиялында шек жоқ. Әртүрлі тақырыпты арқау ететін кинолар қомақты қаржы көзін құрап отыр.

Қиындық құрсауынан әлі де шыға алмай келе жатқан Үндістанның жар­қын болашағы бар деп айтуға болады. Әйт­кенмен, санада сақталған, дәстүрде мо­йын­далған құндылықтар мен кедейші­лік­те күн кешіп отырған халық өмірі Үндіс­тан туралы осындай көзқарас қа­лып­тастырады.

0 Пікір Кіру