Оймақтай жерге өркениет орнатқан ел - на travel.bugin.kz
Абай Тағыберген - на travel.bugin.kz Абай Тағыберген

Израиль өзге елдерге несімен мақ­­тана алады?

"Әлемді еврейлер билейді" деген әңгіме жер жаһандағы халықтар арасында кең таралып еді бір кездері. Мұның сырын сол ұлттың еңбекке епті, іске бейім, талапшыл еврейлердің ұстанымынан іздеген дұрыс шығар. Рас, көпшілік еврейлерді жоқтан бар жасайтын, қара судан қаймақ алатын пысық ұлтқа теңейді. Сондықтан болар еврейлер туралы ел арасында түрлі әңгімелер мен көзқарастар бар.

Географиялық ауқымда қарасақ, Израиль – Азия мен Африканы қосып тұрған мемлекет. Солтүстік шығысында – Сирия, Иордания, оңтүстігінде Мы­сырмен шектессе, батысын Жерорта теңізі шайып жатыр. Жасыл-желекке көмкерілген, тарих пен дінді тоғыстыра алған, кәсіпкерлік саласында өзін­дік қолтаңбасы бар, медицина ба­ғы­тында біраз елдің алдын орайтын Израиль елінің тарихы өз алдына бір тақырып болады. Дегенмен, әріден тамыр тартпай-ақ, еврейлердің қазірге дейін айтып жүретін тарихына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік. Көне деректерден белгілісі, Израиль израиль халқына мұраға қалған ежелгі мә­де­ниет гүлденген жер. Бұл аймақ Иисус­тың дүниеге келіп, мұсылман дінінің ел­ші­сі Мұхаммедтің көкке көтерілген жері саналады. Сол себептен де Израиль көп­­­шілік жұртқа қасиетті мекен ретін­де белгілі. Негізінде, Израиль та­рихы небір тарихи оқиғалар мен кезеңдерге толы. Арабтардың жау­лап алуы, Наполеонның жорығы, тә­уел­­сіз­дік жолындағы күрестен кейін­гі Ұлы­британия, Франция мен Египетке қар­сы соғыстар кешегі тарих. Елордасы Иерусалимнің бір бұрышын жау қолына бермеген еврейлер арабтармен талай жыл соғысып, ақырында 1980 жылдары  Иерусалимді біртұтас астана етіп, Сирияның бір аймағын өзіне қаратып алады. Жалпы араб-израиль арасындағы әскери соғыстар 1948 жылдан 1982 жыл­ға дейін жалғасты. Израиль үстем­дік еткен жерлер мен мұнайдың саясат құралына айналуы соғыс отын тұтан­ды­рып, талай жылғы текетіреске ұласты. Әлбетте, саяси сипаттағы жанжал кім­ге де болмасын қиындық келтіреді. Қазірде Израиль елі тыныштық құшағында тұр, жағдай тұрақты. Десе де со­ғыс­тың сұсын көрген халықтың әрбі­рі­нің үйінде жарылғыш заттардан қорғанатын жерлер бар деседі. Мұны елге аял­даған туристердің жазбасынан оқи оты­рып сезінуге болады.

Хош! Тарих өз алдына бір бөлек та­қы­рып. Қалай десек те, еврейлердің ұс­танымдары мен қажыр-қайраты Батыс Азияда орналасқан мемлекеттердің ішін­де Израильді көптен ерекшелей­ді. Мықтылардың мықтысына беріле­тін әйгілі Нобель сыйлығының 20 па­йызы осы елдің азаматтарына берілгеніне қарағанда еврейлердің осал емес­тігін аңғартады.

Израиль өзге елдерге несімен мақ­­тана алады? Бұл дәстүрлі сұраққа жа­уап көп. Ең бірінші кезекте медици­на­­сы мойындалады. Содан болар, тір­лікке епті азаматтар үйлерінің бір бұрышынан жеке емханалар ашып, халыққа қызмет көрсете береді. Бағасы айтарлықтай арзан емес. Еуропа елдерінен асып түспесе, кем түспейді. Әсіресе, не­й­­рохиругия, кардиология, онкология қызметтері кең етек ал­ған.

"Әлемдегі табысты жандардың кө­шін еврейлер бастайды" деген әңгімені сіз де естіген боларсыз. Мұның сыры мы­нада. Өткенге шегініс жасасақ, Еуропа жерінде капитализм орныққан тұста жұрттың барлығы ауыл шаруашылығы саласына мойын бұрып, қалталылар қа­ра жерді иемденіп, қолда бар қаржыға массаттанып, адам жұмсап ақсүйектерше өмір сүргенді қалаған тұста еврейлер басқаша әрекет етті. Азын-аулақ ақ­шаға кәсіп ашып, кәсіпкерлікке жол сал­ды. Біріне бірі демеу болып, экономикалық құрылым ауысқан кезеңде өмір сүрудің формуласын жасады. Десе де, бүгінгі өмірді баяндасақ, Израиль экономикасы әлі де сырттан келетін қаржыға тәуелді. АҚШ және Еуропа одағы елдерінен көмек алуға мәжбүр. Аграрлы-индустриялы ел ретінде ауыл шаруашылығы бағытына қанат бітіріп келеді. Ғылым бағытында да ілгерілеу­шілік бар. Израиль ғалымдары шөл да­лада теңіз балығын өсіріп, жұрт назарын өзіне аударды. Бұл технология аштыққа ұшырағандарды тамақтандыруға, жаңа жұ­мыс көзін құруға және теңіз ресурстарын құтқаруға мүмкіндік береді дейді ғалымдар. Жалпы Израиль ауқатты мемлекетке жатпайды. Барды бағалай біліп, несібесіне бұйырған жерін тиімді пайдаланып, оймақтай жерге өркениет орнатып отырған елдің бірі. Егер еңбек­қор еврейлер болмағанда бұл елдің жері күштілердің қолында кетер ме еді?

Израильде қалалардың өзіндік ерекшелігі бар. Ел астанасы Иерусалим – құлшылық қаласы, Тель-Авив – ойын-сауық орны, Хайфа – еңбек етуге қолайлы қала атанып кеткен. Хайфа қаласында тіршіліктің қайнап жататыны, мұнда теңіз порты, мұнайды өңдейтін зауыттар мен инновациялық кәсіпорындар және ірі оқу орындары шоғырланған.

Көлік қатынасы туралы да аз-кем айта кеткен жөн. Мұнда автобус пен трамвай қатар қатынайды. Трамвай тек ел астанасы Иерусалимде ғана жүреді. Қоғамдық көлік бағасы 6,80 израиль ше­­келі. 1 шекель біздің теңгеге шақ­қан­­­да 92 теңге. Автобустар сенбі және мей­рамдарда қызмет көрсетпейді.

Сондай-ақ, мұнда автобусқа ұқсас такси "шерут" жүреді. Ерекшелігі, дема­лыс күні де күні-түні қатынайды. Бағасы аса қымбат емес. Мұнымен қоса, Израильде туристерге қызмет көрсететін такси түрлері бар. Қаланың кө­рікті жерлерін аралатып, керек десеңіз гид қызметін қоса ұсынады. Еврейлер сырттан келушілерден қалайда ақша алып қалғанды жақсы көреді. Туристік так­си қызметіне кез келген адамды ал­май­ды. Елдің туризм министрлігіне тір­келіп, арнайы рұқсат қағазымен рет­те­леді. Сонымен қатар, Израильде жал­ға велосипедтер беріледі. Билік бұл бағытта арнайы жолақтар мен тұрақтар салып қойған. Жалға берілетін вело­си­пед­терді көшеде бірыңғай жасыл түсті болып келетінен байқауға болады.

Енді әлеуметтік саясатқа мән берсек. Еврейлер ата-ана болудың бақытын ерте сезінеді. Израильде ата-ана тәр­бие­сіне қатысты арнайы оқу курстары қызмет етеді. Еврейлер бала тәрбиесін­де ой еркіндігі, уақытты тиімді жұм­сау, балаға бос уақыт қалдырмайды. Мұнда ер азаматтар 17 жасынан бастап үш жыл мерзімде әскерге аттанады. Темірдей тәртіпке бас иеді. Апта басы жексенбіден басталады. Сенбі күн ресми демалыс болып есептеледі. Бұл күні ойын-сауық мекендер мен ресторандар жабық тұрады.

Израиль азаматтары ғаламдық ақ­парат ғасырынан қалыс қалмайды. Тіп­ті Батыс Азиядағы елдер арасында Израильде жоғары жылдамдықта­ғы интернет кез келген нүктеде орын алады. Желілік қиындықтар мүл­дем жоқ. Әрбір үйде бағасы қол­же­тімді интернет бар десе де болады.

Біле білсек, Израиль діни туризм арқылы табысқа кенеліп отырған ел. Се­бебі бұл жер үш діннің тоғысқан же­рі. Мінәжат етуге келушілердің қа­ра­сы жыл санап қарқын алады. Мұны білген билік мінәжат етуге келу­ші­лер­­ге қызмет көрсетіп, бар жағдайды жа­сап қойған. Ресми статисти­калық мә­ліметке көз жүгіртсек, жы­лына 2 мил­лионнан аса адам мі­нә­жат етуге жиылады. Тек ішкі туризм ға­на емес, Израиль­де сыртқы ту­ризм қа­нат жай­­ған. Шет елге жылына 2 мил-лион­­нан аса израильдік саяхат жасайды.

Жұмыр жерден әр қиырында жүретін туристер Израильге Қызыл теңіз, Өлі теңіз, Массада қамалы, Акко қаласы, Тель-Авив ақ үйі, Бахай бақшасына арнайылап келеді. Қалай десек те, еврейлер елді гүлден­діріп, тоқымдай жерде тіршілік орнатып, әлем халықтары арасында өз орнын тауып келеді. Қазақтың "Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды" деген мақалы дәл осы елдің тұрғындарына тура келіп тұр. Тұрмысын тұралатпай, елін шашыратпай отырған Израиль бізге осындай ұстанымымен әйгілі.


АбайТағыберген

0 Пікір Кіру