Тоқымдай жерде тоқсан миллион - на travel.bugin.kz
Абай Тағыберген - на travel.bugin.kz Абай Тағыберген

Жұмыр жерді мекен еткен әр халықтың өз ұстанымдары мен тұмар етер байлықтары бар. еңбекқор халық, әлемдегі ең тығыз орналасқан мемлекеттің бірі - Вьетнам туралы ой қозғаймыз. Ұлтарақтай жерде ұлт болып ұйысып отырған вьетнамдықтар күні кешеге дейін соғыстың тауқыметін көрген ел ретінде экономикасын қайта түзуде тырмысып еңбек еткен халық екені жақсы таныс.

Географиялық ау­мақ­та қарайтын болсақ, Вьетнам – Оңтүстік Шы­­ғыс Азияда ор­на­ласқан мемлекет. Тоқ­сан мил­лионға жуық хал­қы бар бұл елдің басым көп­шілігін жер­гі­лікті вьеттер, монг, таи, хмер, тхай сын­ды ұсақ ұлттар құрайды. Жерінің аумағы – 330 мың шаршы шақырым.

Тарихтан белгілі, Вьетнам халқы кезінде соғыс пен аштықтың зар­­дабын тартқан. Оған се­беп бұл ел ІІ дүние­жүзілік соғыстан кейін фран­цуз­дармен 9 жыл, америк­а­лық­тармен 18 жыл соғысқан. Бір сү­йем жер үшін жан беріс­кен халық өз алдына дербес ел ре­тінде таны­лу­ды көздеп, тынымсыз тірлік етті. Алып мемле­кет­тердің қыспағында қалған вьет­намдықтар талай жылғы соғыс нәти­жесінде жеңіп шығып, өз ұлтын сақтап қалған. Бұл әрбір вьетнам­дық­тардың санасында сақ­талған кішігірім тарих.

Жалпы вьетнам­дық­тар оңтүстік, сол­түстік деп екі жікке бөлінеді. Дерекөздерден бел­гі­лісі, солтүстіктегілер де­­нелі, әрі қара судан қаймақ алған, пысық деседі. Тіпті халық ара­сында үлкен үйді көр­сең, ол – сол­түс­тік­тердікі деген ұғым қа­лыптасқан. Ал, оңтүстік вьеттер бос­кеуде, бол­быр болып ке­леді. Алайда, вьетнам­дық­тар қайбір істің бол­масын уақы­тында бі­тір­генін қалайды. Жер­гі­лік­ті ха­лықтың негізгі күн­көріс көзі балықпен байла­нысты. Бірнеше отба­сы бо­лып ау құрып, ба­лық ау­лап, оны жергі­лік­ті базарға сатып, қалға­нын шетелдік туристерге саудалап, жан бағады.

Вьетнамда жер шұ­қып, бос отырған адам­дар жоқ. Халық көп, жұ­мыс аз. Тро­пикалық ел ретінде ха­лық­тың басым бөлігі күріш өсі­румен шұғылданады. Таңнан кеш­ке дейін, күріш алқа­бында тер төгетін вьет­нам­дықтар жерден көл-көсір өнім алудың жолын жақсы біледі. Содан бо­лар, күріш өсіруден әлем бойынша Қытайдан ке­йін 2-орынға ие.

"Еңбек еткенге бақыт басын иеді" деген тәмсіл на­ғыз вьетнамдықтарға ай­­тылған ба дерсіз. Қай­наған базар алаңында әр­түрлі тауарларды сата­тын вьет­намдықтар саудада саясат ұстанады. Әсіре­се, шет елден келген ту­ристерге өз құнынан 4-5 есе асырып баға қояды, алайда сауда­ласа біл­се­ңіз, кез келген затты өз құнынан төмен бағада алуға болады. Сауда де­геннен шығады, вьет­нам­­дықтар шебер ха­лық ретінде мойындал­ған. Мәр­мәрдан жасал­ған мү­сіндерді сауда­лау­да ал­дына жан салмайды. Баға­лары да қал­таны қағады.

Вьетнамдықтардың табыс табу сцена­рий­ін­де сервистік қызметтің алар орны бөлек. Бір жыл ішінде бұл елге 10 миллионға жуық турис­тер­дің табаны тиеді. Ұсақ-түйектер арқылы ту­рис­тердің назарын ау­дарып, қыруар қар­жыны қалтаға басып, ел­дің эконо­микасын да­мытып отыр. Сон­дай-ақ, бұл елде кофе экс­порты соңғы жыл­дары қарқын алды. Бра­зи­лияда егіннің шық­пай қалға­нын ұтымды пайдаланған вьетнам­дық­тар кофе өндірісін бір арнаға шы­ғарды. Қа­зірде кофе экс­порты бойынша әлем ел­дері­нен І орынға шығып, қара үзіп кетті.

Халықтың көптігі қимыл-қозғалысты рет­теуде қиындық тудыратыны рас. Вьетнамда ав­токөліктерді аса көп кездестіре бермейсіз. Жергілікті жұрт мапед­пен жүреді. Мапед жа­нар­­майды көп қажет ет­пейді. Ал, автокөлік­тер­ді тек қалталы азамат­тар айдайды. Себебі са­лық қым­бат. Сырттан кел­ген туристер ірі қалаларда велосипед не мапедтерді жалға ала алады. Ең қиыны, жол ережесі сақтал­майды, жүргізушілер жаяу жүргіншілердің жолы деген ұғымды құлағына іл­мей­ді. Мұнда автобусқа мі­нудің қа­жеті шамалы. Себебі ел­де 13 маршрут қа­на жұ­мыс істейді. Кем­шілігі, жү­ру кестесі, аял­да­ма­лар­дың орны болмағандық­тан автобустар кез келген жерде тоқтай ке­теді. Қар­балас қимылға вьет­нам­дық­тардың еттері үй­реніп кеткені сонша­лық, тар кө­шені қақ жа­рып, адамды елемей кете береді.

Вьетнамдықтардың ақ­ша бірлігі – донг. Ерек­ше­лігі – ақшаларында плас­тик қосындысы бар. Су­ға түскендегі өз қалпын сақ­тайды әрі ыңғайлы.

Вьетнам – Азиядағы ең қауіпсіз елдердің бірі. Се­бебі мұнда ұры-қары­лар­дың кездестіре бер­мей­сің. Тәртіп қатаң. Оған бірнеше дәлелдерді кел­тіруге болады. Айта­лық, Вьетнамда әскери адамдарды және әскери ны­сандарды суретке тү­сіруге қатаң тыйым салы­на­ды. Ұлттық мұралары мен басты байлықтарын көз­дің қарашығындай сақ­тай­ды. Сырттан келіп ең­бек етететіндерге қойылар талап жоғары. Десе де, тәртіптің қатаңдығы жемқорлықты ауыздықталмай отыр. Алыс-беріс, барыс-келісте жең ұшыннан жал­­-ғасқан жемқорлық көп.

"Жалқаулықтан асқан ұятты іс жоқ". Вьетнамның аяққа тұрып, ел болуына күш салған Хо Ши Миннің осынау қанатты сөзін ту еткен вьетнамдықтар Орта Азияда өз жолын жалғап, әлемге танылған бірден бір мемлекет. Тоқымдай жерде тату-тәтті тұрмыскешіп жатқан тоқсан миллионхалықты бір мақсат біріктіреді. Ол – Вьетнам елінің туын жоғары көтеру.

0 Пікір Кіру