Қазығұрттың басында кеме қалған - на travel.bugin.kz
Askhat Shotayev - на travel.bugin.kz Askhat Shotayev

Наурыз Қазығұрттан басталады

Қазығұрт тауы – Түркістан облысында орналасқан тау. Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі Өгем тау қыраттарының батысын ала оқшаулау орналасқан. Шымкент қаласынан 35 км оңтүстікте.

Бүгінгі жазба - осы қасиетті Қазығұрт тауы туралы болмақ. Біз - бір топ өлкетанушы "Наурыз Қазығұрттан басталады" ұранымен жоғары қарай шықпақ болдық.

Қазығұрт тауына саяхат

Қазығұрт тауы шығыстан батысқа қарай 20 км созылып жатыр, ені 8-10 км.Абсолютті биіктігі 1768 м. Кемеқалған шыңы. Тау шығыстан батысқа қарай бірте-бірте аласарады, сыртынан қарағанда керісінше батыс жағы биіктеу көрінеді. Беткейінде бетеге, боз, аңғарында арша, долана ағаштары өседі. Тау маңайында қасиетті саналатын орындар аса мол.

Қазығұрт тауы саяхаты

Екі сағаттық жолдан кейін біз Қазығұрт шыңына да жеттік. Таңғы асымызды ішіп алдық. 

Қазығұрт тауы өзінің аңызға толы кереметімен тек қазақтың ғана емес, шығыс халықтарының, тіпті адамзаттың алтын бесігі деуге тұрарлық. Жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбар кемесін әр елдер өздерінің қасиетті тауларына, ал қазақтар Қазығұрт тауында қайырлатады.

Қазығұрт шыңы

Кеме дәл осы жерде қалған деседі ел артындағы аңыз. 

Кеме қалған

Кеме қайырлаған жерден видео түсіруді жөн көрдік. 

Қазығұрт асуынан динозавр сүйегінің табылуы – өзге де жаратылыстарды зерттеген ғалымдардың пікіріне сүйенсек, Қазығұрт, Қаратау, Қаржан, Өгем таулары аралығы тіршілік ерте пайда болып, адамзат баласы осы маңда тіршілік еткенін мақтанышпен айтуға болады. 

Қазығұрт шыңында ескерткіш

Қазығұрт Киелі таудың сыртқы пішінінде ауыз толтырып айтарлықтай, өзгешелік жоқ, тек алыстан қарағанда екі өркешті түйеге ұқсайды. Қазығұрт шыңына шыққан адам алыстан Ташкент, Шымкент, Сырдария, Түркістан, және Тараз сынды қалалардың сұлбасын көре алады.

Қазығұрт шыңынан сыртқа көрініс

Қазығұрттың басындағы кемеден бөлек, бұл тарихи өлкеде келушілердің назарын аударар көптеген архитектуралық мәдени ескерткіштер бар. Қасиетті таудың биік шыңы да, бөктері мен баурайы да ежелгі тарихтан сыр шертеді. 

Қазығұрт шыңындағы белгі

Жалпы, Қазығұрт тауларының адам сенгісіз тылсым сырларын айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан да бұл өңір жайлы аңыз-әңгімелер ғасырдан ғасырға жетіп, ел аузында жатталып қалған.  Орталық Азия халықтары үшін киелі атанған Қазығұрт тауының бізге беймәлім тұстары, ашылмаған сырлары әлі де көп.Сондықтан да, адамзаттың тал бесігі атанған бұл мекен Оңтүстік өңірдің туризм орталығына айналуы тиіс.

Келесі кездескенше...

0 Пікір Кіру